Құрметті оқырмандар! Кітапхананы пайдаланушылар! Блогымызға қош келдіңіздер! Біздің Google-дегі сілтемеміз: https://jancbsmailin.blogspot.com Мекен-жайымыз: Қ.Алтынсары көшесі 69 үй. Тел: 8(71439) 21-2-89. Электронды поштамыз: cbs_jan@mail.ru

четверг, 19 февраля 2015 г.

Бас жүлдемен оралды

Өнерлері жоғары бағаланды

    Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында елімізде іс-шаралар басталып кетті. Мерейлі дата аясында аудан, облыс көлемінде көптеген мәдени шаралар өткізіліп, көпшіліктің көңілінен шығуда.

Суретте: Фестиваль-байқаудағы жанды көрмеден көрініс.

     Соның бірі Қостанай облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Жеңіс даңқы арта берсін» атты фестиваль-байқауы өз мәресіне жетті. Жалпы халық пен жас ұрпақтың бойында патриоттық, отансүйгіштік, адамгершілік, әділдік, бауырмалдық қасиеттерді қалыптастыруда кітапхананың рөлі зор. Сөзіміз түсінікті болу үшін сәл кейін шегінер болсақ яғни, биыл Жангелдин ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде маусым айында аудан кітапханашыларының арасында Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында «Жеңіс даңқы арта берсін» атты  іс-шаралар өткізілген болатын. 
     Оған ауылдық кітапханалар да қатысқан болатын. Айтар болсақ, Көлқамыс ауылдық кітапханасы «Кестелі орамал» библиокөрінісін, Көкалат ауылдық кітапханасы «Мәңгілік Мәншүк» атты көрінісін, Ақшығанақ ауылдық кітапханасы «Отбасында сақталған соғыс жайында» естеліктерін, Аккөл ауылдық кітапханасы «Отбасылық альбомін» және Тәуіш ауылдық кітапханасы «Отты жылдар» атты әдеби кешін өткізген болатын. Жалпы аудан кітапханашыларының өткізген жұмыстары қортындыланып маусым айында Қостанай қаласында өткен облыстық көпшілік шаралар фестиваль-байқауына қатысып 20 кітапхананың ішінен ІІ-кезеңге жолдама алған болатын. Өткен аптада кітапханашылар байқау қортындысына барып бас жүлдемен оралды. Қостанай қаласы Достық үйінің фойесіне қойылған Жангелдин ауданы кітапханашылары «Сарғайса да тарихтың ақ парағы, ол күндер мәңгі есте сақталады» атты жанды көрмесін көрсетті. 
      Онда Ұлы Отан соғысы жылдары кезінде шатырдың ішінде отырған солдаттың елге хат жазуы, мәңгілік алаудың қасында тұрған солдат бейнеленген. Сонымен қатар көрмеге қойылған елден соғысқа аттанған азаматтардың  пайдаланған ордендер мен медальдары, фотосуреттері мен құжаттары, киімдері, граната, автомат, фляшка тағы басқа заттары байқауға қатысушылар мен жиналған қонақтардың қызығушылығын тудырды. Көрмені аралаған әділқазылар алқасы оған жақсы баға беріп, жанды көрменің жақсы деңгейде әзірленгенін жасырып қоймады.
      Міне, сахна шымылдығы да ашылды. Зал іші халыққа толы. Бәрі бүгінгі облыстық көпшілік шаралар фестиваль-байқауының басталуын асыға күтуде. Қошеметтің өзі құлақты тұндырып жіберетіндей. Алғашқы кезекте сахна төріне Қостанай облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Гүлжамерия Ғалиасқарқызы шығып жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, сәттілік тіледі. Айтар болсақ, ақтық байқауға барлығы 6 кітапхана қатысты. Олар Қостанай қалалық кітапханасы, Рудный қалалық кітапханасы, Жетіқара қалалық кітапханасы, Денисовка ауданының кітапханасы, Наурызым ауданының кітапханасы және Жангелдин ауданының кітапханасы. Олардың бәрі де жақсы дайындықпен келген. Біреулері соғыс туралы әндерді нақышына келтіріп орындап жатса, енді біреулердің мәнерлеп оқыған өлеңдері көпшіліктің көңілінен шықаны анық. 
    Ал Жангелдин ауданының кітапханашылары Т.Ахтановтың «Боран» атты драмасынан үзінді көрсетіп сахналық шеберліктерімен көрермендерді тәнті етті. Жиналғандар ұйып тыңдады. Әсіресе, рөлдерді шебер сомдаған Тәуіш ауылдық кітапханасынан Дәметкен  Баймолдина, кітапханашы Орынкүл Бекмағанбетова және Әмірхан Ағытаевтың шеберліктеріне әділ қазылар тәнті болса, кейбіреулері көздеріне жас та алды.    
    Алғашқы кезекте сахна төріне Қостанай облыстық мәдениет басқармасының мәдениет, өнер және кино дамуын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Шевко Ирина Викторовна сөз алып бүгінгі іс-шараға нақтырақ тоқталып, Ұлы Отан соғысына қатысып, бейбіт үшін жан аямай шайқасқандарға деген құрметтің ешқашанда да таластамайтындығын айтып, майдангерлердің қадірі әрдайым жоғары екендігін жеткізді. Әділ қазы мүшелері бір-бірінен оза шапқан кітапханашыларды марапаттап бағалы және ақшалай сыйлықтар табыс етті. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында өткізілген «Жеңіс даңқы арта берсін» атты облыстық көпшілік фестиваль-байқауында 25 балдық жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген Жангелдин ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Бас жүлдеге» ие болды. І-орынды Қостанай қалалық кітапханасы, ІІ-орынды Рудный қалалық кітапханасы, ІІІ-орынды Науырзым ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі иеленді. Міне, осындай жетістікке жетуімізге мұрындық болған тарихи экспонаттармен қамтамасыз еткен Торғай мұражайлар кешенінің ұжымына және де автокөлікпен қамтамасыз еткен аудандық спорт бөліміне айтар алғысымыз шексіз.


Ә.АҒЫТАЕВ.